Мемлекетіміздің төл белгілері

03 маусым 2016 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Әрбір мемлекеттің дербестігі мен тәуелсіздігін, мемлекеттік бейнесін айшықтайтын негізгі белгілер болады. Олар әрбір мемлекеттің өзінің тарихы мен ұлттық тамырынан, табиғи болмысынан, қасиетті парасат пайымынан нәр алған төл белгілер. Тәуелсіз Қазақ елінің де өзіне тән, ұлттық ерекшеліктеріне негізделген, өзіндік төл белгілері, яғни Мемелекеттік туы, Елтаңбасы, Гимні бар.

Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы елең-алаң шақта Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа рәміздеріміздің «дүниеге келуіне» ерекше мән берді.

1992 жылғы 4 маусым – тарихи күні. Бұл күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалауы туралы», «Қазақстан Республикасының елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнінің музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.

Жер бетіндегі мемлекет атаулының қай-қайсысында мемлекеттіліктің белгісі – рәміздер болып табылады. Терминнің дұрыс пайдалануына байланысты 2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «нышандар» деген  сөз «рәміздер» деген сөзге ауыстырылды.

«Рәміз» деген сөз грек тілінде «символ» деген ұғымды береді. Рәміз философия мен психология өнерінің ең басты дәрежелерінің бірі.

Көптеген елдерде мемлекеттік рәміздер жалпы ұлттық және біріктіруші күш ретінде ұғынылады. Рәміздер діни, партиялық, рулық бөліністерінен биік мәртеге ие.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Тудың, Мемлекеттік Елтаңбаның және Мемлекеттік Гимнің сипаттамалары және ресми пайдалану тәртібі «Қазақстан Республикасының мемлекетік рәміздер туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен белгіленген. Бұл Конституциялық заңға Қазақстан Республикасы рәміздерінің 15 жылдығына орай – 2007 жылғы 4 маусымда қол қойылған болатын.

Мемлекеттік ту бейбіт кезде құрметпен сақталып, ол тек жауапкершілік кезінде шығарылып отырған. Тудан айырылу – өліммен тең болған. Көне заманда ұлы дана бабаларымыз Төле би, Әйтеке би Ордабасында кездескеннен кейін Әбілхайыр хан үш жүздің басын қосып Бөгенбай батырға қазақтың туын ұстатқан.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында шалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата.

Ал, күн  – байлық пен береке, мейрім белгісі.Күн бейнесін салу арқылы қазақ елі өзінің жалпы адамзаттық құндылықтарға ортақтастығын және халықаралық қауымдастықтың бөлінбес бір бөлігі екендігі аңғартып тұр.

Қыран бүркіт образы халқының ұлттық дүние танымында еркіндік, бостандық, ерлік, азаттық аңсары, жан дүниесінің кеңдігі,жүрек тазалығы сияқты адамгершілік қасиетті қағидаларымен астасып жатады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы–Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстанның әрбір азаматының туылғанынан жадында сақталған «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні ретінде шырқалуы баршамыз үшін аса бір көңіл толықтырарлық жағдай болды.

Осы ән сол бір қиын-қыстау, яғни желтоқсан оқиғасы жылдары егемендікті аңсаған еліміздің әнұраны еді. Енді, міне, содан бері, сол құдіретті әннің ресми түрде Тәуелсіз Қазақстанның  Гимніне айналуы тарихи тұрғыдан алғанда заңды әрі орынды. Әні Шәмші Калдаяқовтың, сөз мәтіні Жұмекен Нәжмеденов пен Нұрсұлтан  Назарбаевтың авторлығымен щыққан жаңа Мемлекеттік Гимн– ерліктің, елдіктің, намыстың дастаны болды.

Гимн – халықтың жүрегінің соғуы, армандардың тас-түйін қорытпасы. Ол ресми рәміз ретінде, Қазақстанның болашағына сенетін қазақстандықтардың ортақ рухани қазынасына айналып кетті.

Қазіргі таңда қоғамдық шаралар барысында Мемлекеттік Гимніміз жалпы халықтық ұранға айналғанын аңғарамыз. Мемлекеттік Гимніміз қаншалықты ықпалды екенін халықаралық аренада шырқалуына қарап бағалауға болатын шығар.

Мемлекеттік Елтаңба — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. Ол дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары–белгілі сәулетшілер Жандарбек Мөлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Біз Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеудің тамаша үлгілерін көрсетіп, оны ата салт-дәстүрімізбен сабақтастырсақ, бұл да біздің мемлекетімізге, ұлтымызға, елдігімізге қосқан үлкен үлесіміз болмақ.

 

Түпқараған ауданы прокуратурасының кеңсе меңгерушісі                                           

Шаршаған БИСЕМБИЕВА

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу